Home Home News

Құттықтау

Қазақстан Республикасы 

Сыртқы істер министрлігінің

қызметкерлері мен ардагерлеріне

Сіздерді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің құрылуына 20 жыл толуымен құттықтаймын!

Тәуелсіз еліміздің Сыртқы істер министрлігі менің жарлығыммен 1992 жылғы 2 шілдеде құрылып еді. Сол кезде бүкіл еліміз сияқты, жаңа министрліктің алдында да өте күрделі әрі қауырт міндеттер тұрды. Тәуелсіздігімізді ірі мемлекеттердің тез тануына қол жеткізу қажет болды. Уақыт бізден алыс-жақын мемлекеттермен сан-салалы байланыстарымызды жедел жолға қоюды, Қазақстанда көптеп ашыла бастаған шетел дипломатиялық өкілдіктеріне тиісті жағдай жасауды, Отанымыздың бейбіт саясатын әлем жұртшылығының назарына жеткізуді, тұралаған экономикамызға мол инвестиция тартуды қажет етті. Осының бәрін кәсіби дипломаттарымыз аз, мемлекет қазынасында қаржы тапшы кезде жүзеге асыруға тура келді.

Мемлекетіміздің сыртқы саясатын жүзеге асыру жолында министрлік қызметкерлері қажырлы еңбек етіп, ұйымшылдықтың, кәсіби біліктілік пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсете білді. Сондықтан да мен бүгін баршаңызға, әсіресе ардагер дипломаттарымызға бүкіл қазақстандықтардың атынан зор алғысымды білдіремін.

Еліміз өзінің бейбіт саясатымен, өміршең бастамаларымен әлемге танылып, зор абырой мен беделге ие болды. Жаңа елордамыз – Астана қаласы ірі халықаралық форумдарды жоғары сапалы деңгейде өткізе алатын үлкен саяси орталыққа айналып үлгерді. Осы жылдарда дипломат мамандарымыздың сапалық құрамы да жақсарып, министрліктің материалдық-техникалық базасы еселеп нығайды.

Сіздер өздеріңіздің білімдеріңіз бен тәжірибелеріңізді алдағы уақытта да туған еліміздің халықаралық беделін дипломатиялық жолмен нығайтуға, Отанымыздың тыныштығы мен халқымыздың алаңсыз тіршілігін қамтамасыз етуге арнай бересіздер деп сенемін.

Зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, қиын да қастерлі қызметтеріңізде сәттіліктер мен табыстар тілеймін.

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті                                                                                                                   Н. Назарбаев

 

Астана, Ақорда                                                                                                                                                                   2012 жыл